Әлеуметтік педагог мамандығының ерекшеліктері Сманов І. С. –п.ғ. д., профессор ОҚмпи, Сыдықов М. Е



Скачать 119.42 Kb.
Дата07.11.2018
Размер119.42 Kb.
Название файла1_20.docx

ӘӨЖ 371-057.874

Әлеуметтік педагог мамандығының ерекшеліктері
Сманов І.С. –п.ғ.д., профессор ОҚМПИ,

Сыдықов М.Е.- п.ғ.к., аға оқытушы ОҚМПИ

Сыдықов Д.Е.- №81 Т.Тәжібаев атындағы ЖОМ, Шымкент қ.

Резюме

В статье рассмотрены особенности профессии социального педагога. Работа социального педагога особенно важна при современных рыночных отношениях. Основная цель работы социального педагога - формирование общечеловеческих и социально-личностных ценностей, формирование фундаментальных знаний, умений, навыков у детей и воспитание в духе патриотизма, уважения к различным культурам, традициям и обычаям.

Summary

This article is considered the social teacher’s competence in the contemporary society. Role of the social teacher is especially important at the modern market relations. A main objective of the social teacher is work is a formation of universal and social and personal values, formation of children’s knowledge, abilities, skills and bringing up in the spirit of patriotism, respect for cultures, traditions and customs of different countries.
Әлеуметтік педагогика - ғылымның бір өзегі ретінде белсенді дамып келе жатқан, балалық шақта туындаған мәселелерді шешуге бағытталған, жаңа әлеуметтік-мамандандырылған сфера үшін берік ғылыми іргетас қалауымен ерекшеленетін әлеуметтік-педагогикалық ғылымдар жүйесінің белді бір саласы.

Әлеуметтік педагогиканың қоғамдық мәні - қиын, қайғылы жағдайларға душар болған адамдарға - отбасыларына, балаларға көмек көрсету; оларға өмірден өз орнын табуға, өз мүмкіндіктері мен қабілет-ынтасы негізінде одан әрі дамуына жәрдем ету.

Әлеуметтік педагогикада ең алдымен «әлеуметтік орта» ұғымын анықтап алу қажет. Бұл біріншіден, кең ұғымдағы әлеуметтік болмыс, яғни, қоғам, мемлекет; екіншіден, баланың қалыптасуына тікелей әсер ететін өзіндік қоршаған ортасы.

Әлеуметтік жұмыс ұғымы - белгілі бір адамға, топқа оның әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көмек көрсетудегі кәсіби қызметті білдіреді. Енді осы ұзақ та қиын процестің теориясын, әлеуметтік педагогика, яғни, ғалым В.Д.Семеновтың сөзімен айтсақ, «Әлеуметтік ортаның тәрбиелік ықпалы жөніндегі ғылым» ұсынады.

Ғылыми әдебиеттерде тұтастай алғанда педагогика және оның ішінде әлеуметтік педагогика философиялық білімнің шеңберінде дамыды. Дәл осы ғылым әлеуметтік педагогиканың теориялық негіздерінің әдіснамалық базасы болды.

Әлеуметтік педагогика - педагогиканың әлеуметтік, тәрбиелік және білім берушілік тұрғыдан өзіндік ерекше әдістері бар дербес саласы. Әлеуметтік педагогиканың әдістері тұлғаның өзін-өзі жетілуіне, өзін-өзі тәрбиелеуі мен дамуына бағытталған. Бала тәрбиелеу жүйесінің маңызды элементтерінің бірі - бала үшін маңызды мәселелерді шешуге әлеуметтік педагог тарапынан көмек көрсету. Бала тұлғасының дамуына педагогикалық ықпал етуі жетістікке әкелу үшін, педагог проблемалық жағдайды дұрыс шешуге және дер кезінде байқай алу қабілетін иелену керек.

Әлеуметтік педагог проблеманың не екендігі, оның шешілуіне қандай шарттардың әсер ететіні, тәрбиеленушілерге қалай педагогикалық көмек көрсету жайында хабардар болуы және педагог әрекеті балалардың проблемалық жағдайларын нәтижелі шешуіне ықпал етуі тиіс.

Әлеуметтік педагогқа қойылатын негізгі талап - баланы жақсы көру, қайырымдылық, коммуникативтілік, өз көзқарасын қорғай алу және т.б. Ол қоғамның экономикалық, саяси және әлеуметтік талаптарын меңгеріп, оларды қолданысқа ендіре алады.

Әлеуметтік педагогикалық қызмет - баланың, жасөспірімнің отбасында, мектепте, қоғамда қалыпты қарым-қатынасқа түсуі үшін өзін-өзі ұйымдастыра білуі, сондай-ақ психологиялық ұстамдылық, сабырлылық сақтай алу үшін көмек көрсетуге бағытталған педагогикалық қызметті де қамтитын әлеуметтік жұмыс.

Әлеуметтік педагогикалық іс-әрекеттің пайда болуы мен дамуының нақты сипаттамасының негізінде жалпы адамзаттық қажеттілік жатыр. Ұрпақтың жалғасуы мен сақталуы, атадан балаға әлеуметтік-құнды тәжірибені беру және соңғыларын осының негізінде өз бетімен еңбек етуге дайындау. Әлеуметтік-педагогикалық жұмыс «саналы адамның» қалыптасуының, оның әлеуметтік ырықсыз сезімдері (қарым-қатынас қажеттілігі, өзін-өзі көрсетуге талпыну, жасампаздық қасиеттері т.б.) дамуының қайнар көзі.

Әлеуметтік педагогиканың тағы да бір қызметінің ерекшелігі: ересектердің балаларды қоғамдық қарым-қатынас жүйесіне ену үдерісіне көмектесу, оған бейімделуі болып табылады. Тәрбие мен әлеуметтену тұтастай алғанда, жас ұрпақты қоғамдық және өндірістік өмірге дайындау қажеттілігінен туған. Ол арқылы ұрпақ жалғасын тауып, ілгері дамиды да, адамзат қоғамының өркениеттілігі қамтамасыз етіледі.

Бір жағынан, әлеуметтік педагогика адамның табиғатына тән адамгер шілікті мінез-құлықты басшылыққа алады. Сонымен, адам қайырымдылық жасау арқылы өзінің адамдық қасиетін жоғарылатады.

Соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен отбасылардың әлеуметтік денсаулығының, қиын жеткіншек жастағы балалардың әлеуметтік реабилита циясы проблемаларын шешу орталықтары құрылған. Сонымен қатар балалар мен жеткіншектерге психологиялық-педагогикалық кеңес орталықтарының, жоғары оқу орындарында «әлеуметтік педагог» мамандығының ашылуы әлеуметтік педагогика саласының дамып келе жатқандығын көрсете алады.

Әлеуметтік педагогика өз қызметінде отбасылық, ұлттық, діни ерекшелік терді және қоғамдық тәрбиені есепке алады. Бұл ерекшеліктерді білу - әрбір әлеуметтік қызметкердің міндеті.

Әлеуметтік педагогика болашақ мамандар мен педагогтардың алдына мынадай мақсаттарды қояды:

1. Таңдап алған кәсібі бойынша теориялық және практикалық білімді меңгеру;

2. Әлеуметтік тәрбиенің меселелерін көре білу, сезіну, түйсіну және шешу жолдарын қарастыру;

3. Баланы әлеуметтендіруге қолайлы шарт жасау және кедергілерді жоя білуге баулу;

4. Баланың ізгілікті сезімдерін ояту, бауырмалдык, адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін калыптастыру;

5. Тосын жағдайлардан өз алдына шығуға ұмтылуға, тура шешімін табуға, тартынбай іс-қимылға кірісуге үйрету;

6. Адамдармен қарым-қатынас, байланыс орнатып, мәміле түзе білуге, топта, не болмаса ірі ұжымда өзін-өзі басқаруға үйрету;

7. Қоршаған ортаның әсерін талдай білу және әлеуметтендіру "құрбандығы", шығындары туралы түсінік беру және көмектесе білуге үйрету.

Осы мақсаттарды орындау барысында Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша білім бакалаврының кәсіби қызметінің саласы - жалпы білім беретін ұйымдарда, арнайы (түзетуші) білім ұйымдарында, пеницитарлық типтегі мекемелерде, сауықтыру орталықтарында балалар мен оқушы жастарды әлеуметтендіру және тұлғалық дамыту процесі болып табылады.

Ал әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша білім бакалаврының кәсіби қызмет нысаны: мемлекеттік құрылымдар (ҚР БҒМ балалар құқығын қорғау Комитеті), әлеуметтік бағыттағы мекемелер (әлеуметтік қамтамасыздандыру, жұмыссыздарға, жағдайы төмендерге, еңбекке жарамсыздарға, еңбек ету мүмкіндігі шектеулілерге, қарттарға қолдау көрсету мен көмектесу ұйымдары); мемлекеттік және мемлекеттік емес білім беру мекемелері (мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, мектептер, балалар үйі, интернаттар, арнайы білім беру мекемелері); қоғамдық ортада өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен дамыту проблемаларымен айналысатын мекемелер (түземе және ақтау орталықтары, арнайы мектептер, колониялар); балалардың бос уақыттарын ұйымдастырумен және балалар шығармашылығын қолдаумен, өскелең ұрпақтың толыққанды әлеуметтенуімен және тұлғалық дамуымен айналысатын мекемелер (қоғамдық ұйымдар, балалар клубы, студиялар, сауықтыру лагері) болып табылады.

Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығы бойынша білім бакалаврының кәсіби қызметінің мазмұны: балалардың, жеткіншектер мен жастардың толыққанды әлеуметтенуі мен тұлғалық дамуына бағытталған әр түрлі типтегі білім беру-тәрбиелеу мекемелеріндегі әлеуметтік-педагогикалық қызмет; қоғамда әлеуметтік жауапкершілік және халыққа қызмет ету құндылықтарының қалыптасуына септігін тигізу [1].

Балалар, жасөспірімдер, олардың тәрбиешілері өмірінің қиын кезеңінде әлеуметтік  педагогтан көмек сұрайды. Өмірден түңілген, үмітін жоғалтқан, қиындықты  басынан кешірген және проблеманы өздігінен шеше алмаған олар түсіністікті, тілектестікті, адамгершілік қолдауды және нақты көмекті күтеді. Оларға сөзбен және іспен көмектесу, олардың өзіне сенуіне, өзінің құндылықтарын қайта қарауына және кемелденуіне ықпал ету - әлеуметтік педагогтың басты міндеті. Балалар мен жасөспірімдердің жанын түсіну және аялау - әлеуметтік педагогтың  негізгі миссиясы.

Дүние жүзіндегі өркениетті мемлекеттерде тәрбиенің теориясы мен практикасындағы жетекші тенденция - әлеуметтік педагогика рөлінің артып отыратындығын көрсетіп отыр. Қоғамдық өмірдің жан-жақты демократиялан дырылуы  мен гуманизациялау процесінде, сонымен қатар, Қазақстан Республи касының білім жүйесінде адами-тұлғалық қатынастың атмосферасын объективті  тұрғыдан жасалуын талап етеді. Бұл өз кезегінде кәсіби мемлекеттік-қоғамдық тәрбиелеу құрылымдарының өмірден, отбасынан, әлеуметтік-мәдени ортадан алшақтауын жою арқылы балалар мен жастарды әлеуметтік тәрбиелеу жүйесін өзгерту жолдарын іздестіруді қажет етеді.

1991 жылы біздің елімізде әлеуметтік педагог қызметі енгізілді. Елімізде әлеуметтік жұмыстың кәсіптік деңгейге көтерілуі - маңызды  мәселе. Білім беру мекемелерінде әлеуметтік педагог мамандығының  енгізілуі,  бүгінгі таңдағы оқушылардың қоғамда әлеуметтік ортаға бейімделуі, әлеуметтенуіндегі қиыншылықтар, оның тұлғалық қасиеттерін зерттеуге, зерттеу нәтижесінде түзету  жұмыстарын жүргізуге, өмірдің қиын жағдайынан шыға білуге ықпал етуге қажеттіліктерінен туындап отыр.

Бұл жұмыс - мамандық қана емес, сонымен қатар, бұл қол ұшын беретін, адами проблемаларын бірге шешетін, проблемаларды тиімді, дұрыс шешілу жолдарын табатын адамдар тағдыры. Осындай жауапты жұмысты атқара отырып, оның табысына барлық қоғам  мүдделі екенін есте ұстау керек.  Болашақта әлеуметтік педагог мамандығы мұғалім мен медицина қызметкер лері секілді бұқаралық  сипатқа ие болады. Себебі қоғам үшін «әлеуметтік эпидемиямен» күрескеннен, «әлеуметтік аурулардың» алдын-алу әлдеқайда тиімді екендігі белгілі.

Сонымен қатар әлеуметтік педагог жұмысындағы диагностикалық жұмыстарға, түрлі балалар категориясымен жұмысының негізгі бағыттарына, әлеуметтік педагогтың педагог-психологпен бірлескен жұмыстарына, девиант тық мінез-құлықты оқушылармен жүргізілетін әлеуметтік педагогтардың жұмыстарына әрқашанда мән беріледі.

Қазіргі заман жастарының қоғамдағы жағдайын әлеуметтік жағдай ретінде, яғни олардың өмір сүруі мен тұлғалық дамуына жағдайдың жеткіліксіз болуы, шектеулік,  материалдық және рухани ресурстардың  жеткіліксіз болуын айтуға болады. Күнделікті өмірде жастар ішімдікпен, нашақорлықпен,  ассоциалдық  мінез-құлықпен, қылмыспен кездесуде.  Баланың  жаны мен  психикасына жағымсыз әсер ететін  толық емес, кикілжіңді, қолайсыз, бейморалды отбасылар көбеюде. Балалар мен жастар үнемі білім беру мен тәрбие саласында да әлеуметтік қарым-қатынасқа түсуде.

Қазақстан қоғамының жоспарлы экономикадан нарықтық, тоталитарлық  жүйеден демократиялық жүйеге ауысуы ескі проблемалардың шиеленісуіне, жаңа проблемалардың, соның ішінде жастар ортасында да пайда болуына әкеліп соғуда. Балалар мен жастардың әлеуметтік проблемалары - халық арасындағы ерекше әлеуметтік-демографиялық тобының өздері және қоғам үшін маңызды салаларындағы проблемалары.  Бұл проблеманы шешу үшін өскелең ұрпақтың және оны  әлеуметтендіру институтының белсенділігі ғана емес, мемлекет пен қоғам  тарапынан арнайы саясат қажет болады.

Мәліметтерді  талдай келе  бүгінгі таңдағы жастардың әлеуметтенуі, әлеуметтік ортаға бейімделуі күрделі процесс екендігін байқауға болады. Бұл қиындық алдымен өз болашағы  үшін тұлғалық жауапкершілігін сезінуі мен  тұлға ретінде өзін-өзі іске асыруы болып табылады

Өскелең ұрпақтың табысты әлеуметтенуі үшін олардың тұлғалық дамуы үшін, қоғам мүддесі үшін инновациялық қызметі үшін жағдай жасалынуы тиіс. Соған байланысты тұлғаны әлеуметтік қорғаудың өзектілігі артып отыр.

Әлеуметтік қорғау – жас ұрпақтың тұлғалық дамуы мен қалыптасуына әлеуметтік факторлардың жағымсыз әсерлерін ескере отырып,  ол  әсерлерді жоюдың жолын іздеуге, олардың өзін-өзі анықтауына, өмірде өз орнын таба білуге бағытталған мемлекеттің мақсатты қызметі.

Бүгінгі таңдағы оқушылардың қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімделуі,  әлеуметтенудегі қиыншылықтар оның тұлғалық қасиеттерін зерттеуге, зерттеу нәтижесінде түзету жұмыстарын жүргізуге, өмірдің қиын жағдайынан шыға білуге ықпал ету қажеттігінен туындап отыр. Әлеуметтік педагог - балалардың әлеуметтік тәрбиесін ұйымдастырушы және әлеуметтену процесінің жоспарлы және мақсатты түрде өтуіне жағдай жасайтын маман.

Әлеуметтік педагог жұмысының негізгі қызметінің бірі - оқушының ұтымды әлеуметтенуіне әсер ететін баланың кіші ортасын ұйымдастыруға, қалыптастыруға әсер ету.

Жалпы білім беретін мектептердегі әлеуметтік педагогтар білім беру мекемелерінде қолайлы орта құруға, оқушының, педагогтардың тұлғалық мәселесін шешуге, әлеуметтік орта мен бала арасында кең байланыс жасауға мамандалады.

Балаларды әлеуметтік-педагогикалық қолдау - баламен бірге оның өзіндік көзқарасын, мақсатын, мүмкіндігін анықтау үшін және қоғамда қалыпты өмір сүруге кері ықпал, кедергілерді жоюдың жолын анықтау, өмір сүруіне, қарым-қатынасына, өзін-өзі  тәрбиелеуіне, алдына қойған мақсатына жету  және адамгершілік қасиетін сақтап қалуына көмектесу.

Әлеуметтік педагог біріншіден, мүмкіндігінше проблеманың алдын-алуға тырысады, проблеманы тудыратын себептерді анықтай және уақытында  оны жойып отыру, адам бойындағы  олардың қарым-қатынасындағы әртүрлі ауытқушылықтардың алдын-алып отыру, осы арқылы қоршаған әлеуметтік ортаны сауықтырып отырады. Әлеуметтік қызметкер проблеманың алдын-алумен емес, проблеманың өзімен жұмыс жасайды: маскүнемдік, нашақорлық, әлеуметтік депрессия, қаңғыбастық, ауру, өзіне-өзі қызмет ете алмаушылық, мүгедектермен жұмыс, стихиялық зіл-зала, көші-қон мәселесі, күйзелушілік, әлеуметтік бейімделу, қарт адаммен жұмыс, босқындармен жұмыстар. Сонымен қатар ол арнайы жас ерекшеліктері бойынша топтардың (балалар, жасөспірімдер, жастар, қарттар), мекемелердің, микроорталықтың ерекше сфераларының әлеуметтік проблемаларын шешуге мамандануы да мүмкін.

Демек, әлеуметтік педагогика - баланы, жастар мен қарттарды, ересек адамдарды әлеуметтендірудің заңдылықтарын зерттейтін ілім ретінде оны жан-жақты қарастырады. Әлеуметтік педагогика зерттеу нысанына байланысты өз ішінде де салаларға бөлінеді. Бірақ, ол көбінесе қарастыратын нысанының жас ерекшеліктері мен күйзелісті ахуалының өзгешелігіне байланысты. Мысалы, қарттармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, жастар арасындағы әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, мүгедек балалар арасындағы әлеуметтік-педагогикалық жұмыс секілді көптеген бөлімдер мен тарауларға бөлінеді.

Қазіргі кезде қоғамдағы әр түрлі жаңарулар мен өзгерістердің ықпалы қатты әсер ететін ең бір нәзік тұсы - бала. Сондықтан бұл жерде басты объект ретінде бала және онымен жұмыс мәселелері қарастырылады. Сонымен, әлеуметтік педагогика - баланың, оқушының, студенттің білім, тәлім-тәрбие алуына қоғамның тигізетін әсерін зерделейді. Жалпы айтқанда, баланың дұрыс тәрбиеленіп, әлеуметтік тұлға болып қалыптасуына отбасы, білім, мәдениет, дін, т.б. тигізетін әсерін танып-білетін ілім деуге болады.

Сонымен бірге әлеуметтік педагогиканың жеке өзіне тиісті теориясы, практикалық іс-шаралары, құралдары мен әдіс-тәсілдері және технологиясы бар. Қандай ғылыми теория болмасын, ол практикаға сүйеніп дамиды және жұмыс практикасынан оның теориялық анықтамалары қалыптасады. Әлеуметтік педагогиканың ғылыми-теориялық және әлеуметтік-педагогикалық іс-шаралары бар. Олар әлеуметтік педагог пен әлеуметтік қызметкерге тиесілі. Оның жүргізетін іс-шаралары бір немесе бірнеше балаға, балалар психологиясына қоғамның тигізген әсерін білу, көмектесу, кедергілерді жою, күйзелістен шығуға көмектесу жолдарын қарастырады [2].

Педагогикалық процесс қашанда оқытушылардың басшылығымен ұйымдастырылып, оқушылардың өзара іс-әрекеттері негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан әлеуметтік-педагогикалық қызмет те педагогикалық процестен тыс болуы мүмкін емес. Тұтас әлеуметтік-педагогикалық процесс әлеуметтік педагог әрекетін ұйымдастыруда педагог пен ата-аналардың және т.б. қатысуымен мақсатқа жетуін қамтиды. Әлеуметтік-педагогикалық процесс екі жақты сипатқа ие болады. Әлеуметтік-педагогикалық процестің мақсаты мен міндеттері қашанда қоғам мақсатын және міндетін қоғамдық тапсырыс ретінде жүзеге асыру арқылы анықталады [3].

Әлеуметтік педагог қызметінің қажеттілігі қоғамның бүгінгі нарықтық қатынас кезеңіндегі құбылыстарға байланысты туындап отыр. Әлеуметтік педагог қызметінің жүйесі қамқорлыққа алынған баланың өмірі мен әрекетіндегі қажеттіліктер мен мұқтаждықтардан туындайды [3].

Әлеуметтік педагог баланы адамгершілікке, ізгілікке, қамқор болуға үйрету және жеке өз мүддесін, талабын қанағаттандыруға баулу, қабілеттерін дамытуына ынтасын ояту мақсатын көздейді. Тосын жағдайларға ұшыраған, көмекке мұқтаж адамдарға көңіл бөлу, олардың мәселелерін шешуге қол ұшын созып, ізгілікті қарым-қатынас орната білу қазіргі қай заманда да аса қажет.

Қазіргідей адам мен қоршаған ортаның, адам мен қоғамның арасында қарама-қайшылықтар үдеп, адамдардың психикасына әсер ететін теріс көріністер орын алып отырған кезде әлеуметтік тәлім-тәрбиенің маңызы зор. Ауыр күйзеліске ұшыраған жетім-жесірге, мүгедекке, қараусыз калған жандарға, кедейшілік пен қайыршылыққа душар болғандарға, әр түрлі туа біткен не техногенді, экологиялық апаттарға ұшыраған адамдарға қолдау көрсетіп, көмек беруде әлеуметтік-педагог пен әлеуметтік қызметкер жұмысының өзіндік маңызы өте зор.

Әдебиеттер тізімі:

1 Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Жоғары білім. Бакалавриат. Негізгі ережелер. 03.11.2010 № 514.



2 Халитова І.Р. Әлеуметтік педагогиканың өзекті мәселелері. Алматы, 2006.

3 Әтемова Қ.Т. Әлеуметтік педагогика. Алматы, 2012.

Поделитесь с Вашими друзьями:


База данных защищена авторским правом ©rppna.ru 2017
обратиться к администрации

    Главная страница